Бүгін 2024 жылғы 28 тамыз күні «Социалистік Еңбек Ері», «Құрметті теміржолшы», «Еңбек Қызыл Ту» ордені иегері Латип Шахатовтың туғанына 95 жыл толуына арналған «Теміржолшы келбеті» атты еске алу кеші өткізілді. Еске алу кешіне Латип Шахатовтың ұрпақтары: Латипұлы Ізім, Латипұлы Темір, немересі Латипова Лаура Ізімқызы, келіні Айтолқын және теміржол саласының ардагерлері теміржолшы, Мақат локомотив депосында 30 жылдан астам еңбек еткен «Еңбек ардагері» Жоламанов Ерғазы Оспанұлы, өз саласының білікті маманы, нұсқаушы, шебер Неталиев Таңат Қайырғалиұлы, «Мақат ауданының Құрметті азаматы», теміржолшы, журналист Мыңтұрғанов Қуат, «Мақат ауданының Құрметті азаматы», ардагер ұстаз Үмбетова Роза Сабырғалиқызы, сонымен қатар аудандағы Л.Шахатов, Б.Қанатбаев атындағы орта мектептерінің тарих пәнінің мұғалімдері және оқушылары қатысты.
Шараның мақсаты: «Социалистік Еңбек Ері» Латип Шахатовтың өнегелі өмір жолдарын дәріптеу, құрметтеу, жас ұрпаққа насихаттау.
Шарада «Құрметті теміржолшының» өнегелі өмір жолдарын және ғасырдан астам тарихы бар өлкеміздің темір жол саласының тарихы және осы салада ауқымды істер атқарып өшпес із қалдырған теміржолшылардың істеген еңбектерін бейнелейтін бейнетүсірілім көрсетілді. Сонымен қатар «Социалистік Еңбек Ері» ордені иегері Латип Шахатовтың туғанына 95 жыл толуына арналған «Теміржолшы келбеті» атты экспозициялық көрме жасақталды. Көрмеге Л.Шахатовтың марапатттары, көшірме құжаттары, фотосуреттері, қызметтік киім-кешегі, жұмыс құралдары, мақалалары қойылды. Көрмені арнайы шақырылған қонақтар мен қатысушыларға музей экскурсоводы Ж.Сағатова жақынырақ таныстырды. Шара барысында музей маманы Қ.Абылайқызы Латип Шахатовқа арналған өлең жолдарын оқыды және Р.Ғабдиев атындағы балалар өнер мектебінің оқушысы Ізмұқан Нұрдаулет домбырамен күй тартып өз өнерін көрсетті.
Теміржол саласының ардагерлері Л.Шахатов туралы естелік әңгімелерімен бөлісті. Шара соңында музей басшысы Қ.Айдаралиева арнайы шақырылған қонақтарға алғысын айтып естелік сыйлықтар табыстады.