«Этнография» залында этнографиялық құндылықтардың бірі қазақ халқының ертеден келе жатқан көшпелілер баспанасы киіз үй құралдары, қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тұрмыс-тіршілігін насихаттайтын құнды жәдігерлер: ұлттық киімдер, зергерлік (құдағи жүзік, құстұмсық және ақық көзді жүзіктер, қыздардың әшекей бұйымдары шолпы, шашбау, өңіржиек, білезік, тұмар, т.б), ағаш, теріден жасалған тұрмыстық бұйымдар және ат әбзелдері жиынтығы экспозицияға қойылған.
Жәдігерлер ішінде ХІХ ғасырдағы зергерлік бұйымдар, ағаш, тоқыма бұйымдар және киіз үй ішіндегі тұрмыстық жиһаздар, мұнайшы ардагерлеріміздің музей қорына тапсырған тұрмыстық бұйымдары, қолөнер шеберлерінің бұйымдары, жергілікті суретшілер өнер туындыларын көруге болады.