«Тарихи-өлкетану» залында аудан тарихы, ауданда орналасқан ортағасырлық «Таскешу керуен сарайы» археологиялық ескерткішінен табылған құнды-тарихи жәдігерлер, батыр, аруақты әулие Байбақты ата Қармысұлына арналған экспозиция, ауданымыздың басты қазынасы мұнай өндірісінің тарихы, аудан экономикасын өркендетуге үлес қосқан мұнайшылар, «Құрметті теміржолшы», Социалистік Еңбек Ері Латип Шахатов, соғыс және тыл ардагерлері, ұлағатты ұстаздар, жергілікті ақын-жазушылар, мәдениет саласына еңбегі сіңген тұлғаларға арналған экспозициялық көрмелерден тұрады.
Ембідегі 22 кен орнының ашылуы мен игерілуіне жетекшілік еткен жазушы, қоғам қайраткері С.Шарипов, Мұнайшы, Ембінің ардагері, КСРО Жоғарғы Кеңесіне 3 дүркін депутат болып сайланған Б.Доспаева және Мұнайшы, Социалистік Еңбек Ері Н.Шағырова және басқа да тарихи тұлғалар портреттері ілінген.
3 бөлімнен тұратын «Ұлы Жеңіс-ұрпаққа мұра» экспозициясының «Отан қорғау жолында құрбан болған боздақтар» бөлімінде Мұса Баймұқанов, Хиуа Мұқанов, Ермұқан Ідірісов, Рзағали Қитаров фотосуреттері және «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» бөлімінде сұрапыл жыл қаһармандарының фотосуреттері бейнеленген. «Ерлік және елдік», «Мұнай үшін күрес – Жеңіс үшін күрес!» атты 3-ші бөлімінде Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тыл ардагерлері фотосуреттері көрініс тапқан.