2024 жылдың 27 қараша күні Мақат тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен қазақтың көрнекті ақыны, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы, журналист Фариза Оңғарсынованың туғанына 85 жыл толуына арналған «Жыр жұлдызы Фариза» атты байқау өткізілді. Байқауда аудан мектептерінен 8-11сынып арасындағы оқушылар бақ сынасты.
Байқау қазақтың ақын - жазушысы Фариза Оңғарсынованың шығармаларын дәріптеу, халықтың жүрегінен орын алған поэзия падишасының өлеңдерін мектеп оқушылары арасында насихаттау, оқушылардың шығармашылық қабілеттері мен эстетикалық талғамдарын дамыту мақсатында ұйымдастырылды.
Байқауда Мақат ауданының Құрметті азаматы, ардагер ұстаз, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» және «Ы.Алтынсарин» белгісінің иегері - Үмбетова Роза Сабырғалиқызы, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» белгісінің иегері- Қадірғалиева Алмара Айтқалиқызы, Мақат тарихи-өлкетану музейінің басшысы Айдаралиева Құралай Әлжанқызы қазылық етті.
Байқауға қатысушылар ақын шығармаларын жатқа мәнерлеп оқып, Фариза Оңғарсынованың сөзіне жазылған әндерді орындап, ақынның өмірі мен шығармашылығына байланысты сұрақтарға жауап берді. Соңғы кезеңде Фариза Оңғарсынованың портретін салып, әкелген туындысы бойынша сайысқа түсті.
Қазылар алқасының шешімі бойынша І орынды С.Шарипов атындағы Доссор мектеп-интернатының 10 сынып оқушысы Зайлаш Аружан иеленді. ІІ орынды Б.Қанатбаев атындағы орта мектебінің 10 сынып оқушысы Кенжебекқызы Аяулым иеленіп, ІІІ орынды Л.Шахатов атындағы орта мектебінің 10 сынып оқушысы Нұрлыбекқызы Әсем иеленді. Х.Санбаев орта мектебінің 11 сынып оқушысы Есентай Ақнұр, О.Сарғұнанов атындағы орта мектебінің 9 сынып оқушысы Мукашева Орынгүл алғыс хатпен марапатталды.
Шараны музей басшысы Қ.Айдаралиева қорытындылып, байқауға қатысушыларға сыйлықтар табыстады.