2024 жылы 26 қырқүйек күні Мақат тарихи-өлкетану музейінде Мақат ауданына 100 жыл толуына орай «Мұнайлы өлкенің тарихи тұлғалары» мен «Мақат ауданын басқарған басшылар» атты көрменің ашылу салтанаты мен мерекелік шара өткізілді.
Шараның мақсаты: Қойнауы құтқа, тарихы тағылымға толы киелі мекеніміз Мақат ауданының ғасырлық тарихын және ауданымыздың өркендеуі жолында қасиетті қара шаңырақтан шыққан, есімдері ел тарихына енген тарихи тұлғаларды насихаттау, ауданымыздың экономикасын дамытуға үлес қосқан ардақты ардагерлерді құрметтеу.
Шараға «Мақат ауданының Құрметті азаматы», ауданға еңбегі сіңген дәрігер, еңбек ардагері Жұмағалиев Ахметжан Сарыұлы, «Мақат ауданының Құрметті азаматы», көп жылдар «Мақат аудандық Мәслихат хатшысы» қызметін атқарған, ардагер ұстаз-Жолмағанбетов Табылды Демешұлы, «ҚР білім беру ісінің үздігі», ардагер ұстаз, «Мақат ауданының Құрметті азаматы» Үмбетова Роза Сабырғалиқызы, «Мақат ауданының Құрметті азаматы», ардагер мұнайшы- Исақов Серік Зияшұлы, «Қаз.КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісі иегері, ардагер ұстаз Шәденова Батиқа Қадіршеқызы,
«Еңбек ардагері» медалінің иегері, экономика және қаржы саласының ардагері - Бекмағанбетова Әсима Бағытқызы және аудан мектептерінен тарих пәнінің ұстаздары қатысты.
Алғашқы сөзді музей басшысы Қ.Айдаралиева сөйлеп, көрменің лента қию рәсімін «Мақат ауданының Құрметті азаматтары» Жұмағалиев Ахметжан мен ардагер мұнайшы Серік Исақовке жолдады.
Келесі кезекте «Мұнайлы өлкенің тарихи тұлғалары мен Мақат ауданын басқарған басшылар» атты көрмені келген қонақтарға музей экскурсоводы Ж.Сағатова таныстырды. Ауданымыздың тарихынан сыр шертетін Мақат ауданының 100 жылдығына орай дайындалған бейне түсірілім көрсетілді. Шара Рысбай Ғабдиев атындағы балалар өнер мектебінің оқушыларының өнер көрсетуімен жалғасты.
Шара соңында музей басшысы ауданымыздың өсіп-өркендеуіне зор үлес қосқан ардақты ардагерлерді алғыс хатпен марапаттап, сыйлықтар табыстады.