Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерекесі аясында 2025 жылдың 17 сәуір күні Мақат аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Ерлікке – тағзым, ұрпаққа – аманат» атты тарихи-танымдық шара өткізілді.
Ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған аудан майдангерлері мен тыл еңбеккерлерінің есімдерін ұлт жадында сақтау, құрмет көрсету мақсатында ұйымдастырылған шараға аудандағы Б.Қанатбаев атындағы орта мектеп ұстаздары мен оқушылары қатысты.
Шара барысында «Ұлы Жеңіс – ұрпаққа мұра» атты экспозицияық көрме жасақталып, көрермен назарына ұсынылды. Көрмеге мұнайлы өлкенің қаһарман ұлы, Кеңес Одағының батыры Мұса Баймұхановтың портреті, құжаттары және ауданның сұрапыл жыл қаһармандары, майдангерлер «Қызыл Жұлдыз», «Даңқ», «Отан соғысы» ордендері иегерлерінің марапаттары, фотосуретттері мен орден-медальдары, киім-кешектері мен қолданған бұйымдары қойылды.
Сондай-ақ мектеп оқушылары 2 мәрте Отан соғысы, «Құрмет белгісі» ордендерімен, бірнеше жауынгерлік медальдар иегері Н.Құсайыновтың ерлікке толы ғұмырын баяндайтын бейнероликті тамашалады.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығын лайықты түрде атап өту – баршамыздың ортақ парызымыз. Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Шараға 35 адам қатысты.