Мақат тарихи-өлкетану музейінде 2023 жылдың 15 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесіне арналған «Желтоқсан – Тәуелсіздік бастауы» атты аудан мектеп оқушылары арасында тарихи-танымдық сайыс өтті.
Шара барысында желтоқсан оқиғасының тарихын баяндайтын бейнеролик көрсетілді. Сондай-ақ, «Тәуелсіздік тұғыры биікте» атты экспозициялық көрме жасақтылып көрермендерге таныстырылды.
Сайыстың мақсаты 16 желтоқсан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай оқушылардың білім деңгейін анықтау, ойлау қабілеттерін дамыту, сөйлеу мәдениетін, жан-жақты ой өрісін жетілдіру, ой ұшқырлығын, оқуға деген ынтасын арттыру. Өз Отанын сүюге, туған елінің тарихын, зиялы тұлғаларын тануға шақыру.
Сайысқа аудандағы Абай Құнанбаев және Мұса Баймұханов атындағы орта мектептің 8-9 сынып оқушылары қатысып, 5 кезеңнен тұратын сайыста бақ сынасты.
Сайыс қорытындысы бойынша Мақат кентіндегі М.Баймұханов атындағы орта мектеп оқушылары І-ші орын және А.Құнанбаев атындағы орта мектеп оқушылары ІІ орынды иеленді. Шара соңында музей басшысы Қ.Айдаралиева сайыс қатысушыларына арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтар табыстады.