«Жәдігер жерде қалмасын» акция аясында жәдігерлер қабылданды
Акцияның негізгі мақсаты —өлке тарихы бойынша, халықтың тұрмыс-тіршілігін сипаттайтын тұрмыстық бұйымдар мен тұрмыстық заттарын, қолөнер және зергерлік бұйымдар, қылқалам туындылары, сирек кітаптарды жинақтау арқылы өлкеміздің өткені мен бүгінінің куәсін келешек ұрпаққа жеткізу.
Осы бағытта өз қолымен тоқылған орама шиді халық арасынан Доссор кентінің тұрғыны «Ана даңқы» ордені иегері ардақты ана Үміт Хасанова музей қорына тапсырды.
Ши тоқу – бұл қазақ халқының ең көне кәсіптерінің бірі. Ши тоқудың киіз жасау қолөнері сияқты өзіндік тарихы бар. Ши – астық тұқымдасына жататын шөптесін өсімдік түрі. Биіктігі 50—220 см, сабағы көп, мықты, тік өседі, түсі қошқыл жасыл, екі жағы да тықыр, ши өсімдігі Қазақстанның дала, шөлейт аймақтарында, тау беткейлерінде, әдетте, суға жақын жерлерде өседі. Қыста мал жайылымына таптырмас бұл өсімдіктің сабағын қазақтар ши тоқу үшін қолданған. Мірдің оғындай түп-түзу, әрі өте берік келетін шидің сабағы тұрмыста орны ерекше. Қазақ халқының тұрмысында ши өңдеу, оған жүн орап, өрнектеп безендіру, түр салып тоқу ісі де ғасырлар бойы атадан балаға мирас қалып жатқан ұлттық өнері болып табылады. Ши бұйымының жалпы сырт көрінісіне қарай: ақ ши, ораулы ши, шым ши деп үш топқа бөлінеді. Мұндай ши түрлері қазақ арасында әрқайсысы өз орнымен әр түрлі мақсатқа пайдаланылады. Мысалы, қабығынан тазартылған ақ шиді көбінесе, ірімшік, т.б. жаю үшін, сондай-ақ сүзгіш шыпта жасау, үйдің төбесін біртегіс сылауға ыңғайлы болу үшін қолданылатын болса ұзына бойы түсті жүнмен немесе жібекпен оралған шым ши киіз үйдің сәнді жиһазының бірі болып есептеледі. Ал өн бойы тұтас оралмай әр жерінен аралатып оралатын ши орама ши немесе ораулы ши деп аталады.
.... Үміт апайдың әңгімесінен:
Зейнеткерлікке қалғаннан кейін жолдасым Ізтілеу екеуіміз жазда жайлауға «Қырыққұдыққа» көшіп, мал ұстадық.Түйе, бие сауып,сүтін, шұбат пен қымыз алдық.
Сол кезде қырдағы әйелдер болып бірігіп, ши тоқып, киіз басатын едік. Ораулы ши де, ақ ши де керегенің сыртынан, туырлықтың ішінен ұсталады. Ас-су сақтауға арналып тоқылған ораулы "өреше" ши адалбақанды қоршай, үйдің ішінен ұсталады.
Кезінде шидің- ұлттық үй жиһазы екенін, соның ішінде ораулы ши кезінде бағалы жиһаздардың бірі саналғандығын қазіргі жастар шидің қалай тоқылатынын біле бермейді. Осыны ескеріп кейінгі ұрпақққа аманаттайтын ұлттық құндылықтарымызды көненің көзіндей сақтап, музей қорына тапсыруды ұйғардым...
Бұрын тек тұрмыстық қажеттiлiктi ғана өтеп қоймай, көшпелi тұрмысқа көркемдiк берген бұл өнер бұйымдары ұлтық материалдық мәдениетiмiздiң бағалы құнды жәдігері, осы асыл мұраларымыздың қасиетін бағалай білейік!