2022 жылдың 29 қыркүйек күні Мақат тарихи-өлкетану музейінде "Ұстаз аты биік-әрі мәңгілік" атты ұстаздардың кәсіби мерекесі қарсаңында ардагер ұстаздармен кездесу кеші ұйымдастырылды.
Кездесу кеші өзгенің уақытын аялай, өз уақытын аямай шәкірт тәрбиелеу ісінде талмай еңбек еткен ұстаздарымыздың қажырлы еңбектерін, жемісті жетістіктерін жас буын өкілдеріне насихаттау мақсатында өткізілді.
Шараға ардагер ұстаздарымыз "Қаз.КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері" белгісі иегері Жүсіпова Дәмелі Аралбайқызы, "ҚР білім беру ісінің үздігі" белгісі иегері Қадырғалиева Алмара Айтқалиқызы, "ҚР білім беру ісінің үздігі" белгісі және Ы. Алтынсарин төсбелгісі иегері Алтыбаев Жақсылық Оңдашұлы және ұзақ жылдар аудан мектептерінде дене тәрбиесі пәнінен сабақ берген Байгуршимов Талас Нәбиұлы және О.Сарғұнанов атындағы мектептің ұстаздары мен оқушылары қатысты. Шара барысында ауданның білім саласының даму тарихынан сыр шертетін бейнеролик көрсетіліп, "Ұстаз аты биік-әрі мәңгілік" атты экспозициялық көрмемен таныстырылды. Доссор Мәдениет үйінің қызметкерлері ән шырқады. Кездесу кешінде қонақтарымыз өздерінің ұстаздық еңбек жолдары туралы естелік әңгімелерін айтты. Шара соңында музей басшысы Қ.Айдаралиева ардагер ұстаздарға құттықтау хаттар мен сыйлықтар табыс етті.