Мақат тарихи-өлкетану музейінде «Ерлік даңқы мәңгілік» атты соғыс ардагерлері ұрпақтарымен кездесу кеші өтті.

2022 жылдың 4 мамыр күні Ұлы Жеңістің 77 жылдығына орай, Мақат тарихи-өлкетану музейінде «Ерлік даңқы мәңгілік» атты соғыс ардагерлері ұрпақтарымен кездесу кеші өтті.

Мақсаты: Ұлы Отан соғысы туралы жас ұрпаққа мағлұмат беру, патриоттық рухы жоғары, қайсар жауынгер аталар ерлігін үлгі ету. Ұлы Отан соғысында опат болған боздақтар рухына тағзым етуге, есімдерін қастерлеуге тәрбиелеу.

Шараға Ұлы отан соғысына қатысушы, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі Ораз Өтебайұлы Сарғұнановтың ұлы Сәлімғали Оразұлы, соғыс ардагері, Сталиннен 7 рет алғыс алған ұшқыш, «КСРО Халық ағарту ісінің үздігі» белгісі иегері Жанасов Азат Сәлікұлының келіні Сатмағамбетова Дәржан Қаниқызы, бала-келіндері Бағытжан Азатұлы мен Жаңылай Зұлқарнайқызы сондай-ақ, Қызыл Ту Балтық флотында қызыл флотшы болып майданға қатысқан, 11 жауынгерлік мерекелік медальдар мен жарыс озатының белгілері иегері Қамаш Иманбаевтың қызы Сәуле Қамашқызы, «Құрмет» ордені, «Ерлігі үшін» медалі, Кеңес Одағының маршалы Жуков медалінің иегері Есбол Оңайбаевтың ұлы Сұлтанбек Есболұлы және О.Сарғұнанов атындағы орта мектеп ұстаздары мен оқушылары қатынасты.

Шара барысында кеш қонақтары соғыс арагерлеріне арналған бейнероликті тамашалап, «Ұлы Жеңіс – ұрпаққа мұра» атты экспозициялық көрмемен жақынырақ танысты. Соғыс ардагерлерінің ұрпақтары сөз алып, әкелері туралы естелік әңгімелерімен бөлісті.

Сондай-ақ аудандағы О.Сарғұнанов атындағы мектеп оқушылары кеш қонақтарына музыкалық әсем ән мен би арнады.

Шара соңында музей басшысы кеш қонақтарына алғысын айтып, естелік сыйлықтар табыстады.

 01