Мақат тарихи-өлкетану музейінде 2023 жылдың 27 қыркүйек күні ұстаздар күніне орай «Еңбегімен еленген ардақты ұстаздар» атты ауданның ардагер ұстаздарымен кездесу кеші ұйымдастырылды.
Кездесу кеші қыр-сыры мол, қиын да жауапты істе көп жылдар еңбек еткен ұстаздарымыздың қажырлы еңбектерін, жемісті жетістіктерін жас буын өкілдеріне насихаттау мақсатында өткізілді.
Шараға ардагер ұстаздар, аудан мектептерінің жас маман ұстаздары және архив қызметкерлері қатысты. Шара барысында Мақат ауданының білім ағарту саласы, ұрпақ тәрбиелеу жолында елеулі еңбек сіңірген ұлағатты ұстаздарға арналған бейнеролик көрсетілді. Сондай-ақ, «Еңбегімен еленген ардақты ұстаздар» атты экспозициялық көрме жасақталып, таныстырылды.
Кездесу кешіне арнайы шақырылған «Қаз КСР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісі және «Еңбек ардагері» медальдарының иегерлері, ұлағатты ұстаздар Карина Роза Қарақызы, Ұлжанова Ақжан Елубайқызы, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені, «Еңбек ардагері» медалі және «Қаз КСР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісі иегері Константинова Людмила Васильевна, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» белгісі және «Еңбек ардагері» медалі иегері Бәженов Құттымұрат Рақымұлының жұбайы Отарова Әлия Нұғыманқызы, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» белгісі және Ыбырай Алтынсарин төсбелгісі иегері, Мақат ауданның Құрметті азаматы Үмбетова Роза Сабырғалиқызы өздерінің еңбек жолдары туралы естелік әңгімелерімен бөлісіп, ұстаздық еңбектерінің тәжірибесі туралы айтты.
Шараны музей басшысы қорытындылап, ризашылығын білдіріп, ардагер ұстаздарға сыйлықтар табыс етті.